КАСПИЙ ТЕҢІЗІНДЕГІ ҚАРАКӨЗДІҢ Rutilus caspicus (Yakovlev, 1870) БИОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ
Бұл мақалада Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі қаракөз популяциясының биологиялық және трофикалық көрсеткіштеріне зерттеу жүргізілді. Ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде Каспий теңізінде белгіленген 10 сынама алу станцияларынан жалпы саны 442 дана балық ауланды. Сондай ақ, оларға талдау жүргізіліп, ұзындық-салмақтық ара-қатынасы, қоңдылық коэффициенттері, жасы және жыныстық ара-қатынасы және қоректену көрсеткіштері баллдық шкаламен бағаланды. Зерттеу стандартты ихтиологиялық әдістерді қолдана отырып, ауланған балықтар бойынша жүргізілді. Алынған нәтижелер қаракөз балығының өсуі ұзындық пен салмақ арасындағы тығыз байланысқа негізделетінін және оның аллометриялық сипатта жүретінін көрсетті. Бұл балықтардың тіршілік ортасында қорек қоры жеткілікті болған жағдайда салмақтың ұзындыққа қарағанда қарқынды өсетінін дәлелдейді. Сонымен қатар, қоңдылық көрсеткіштерінің тұрақтылығы балықтардың физиологиялық жағдайының жақсы екенін және олардың тіршілік ортасы қолайлы екенін айқындайды. Популяция құрылымын талдау барысында жас дарақтардың басым екені анықталды, бұл табиғи жаңару процесінің белсенді жүріп жатқанын көрсетеді. Ірі және жасы үлкен дарақтардың салыстырмалы түрде аз болуы табиғи факторлармен қатар антропогендік әсерлердің ықпалымен түсіндірілуі мүмкін. Жыныстық құрам ерекшеліктері де популяцияның тұрақтылығын сипаттайтын маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады. Қоректену белсенділігіне жүргізілген талдау балықтардың табиғи ортада жеткілікті қорекпен қамтамасыз етілгенін және қоректену процесінің бірқалыпты жүретінін көрсетті. Жалпы алғанда, қаракөз балығы популяциясының қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деңгейде бағаланып, Каспий теңізінің экологиялық жағдайларына жақсы бейімделгені анықталды. Зерттеу нәтижелері балық ресурстарын ұтымды пайдалану, қорғау және басқару шараларын жетілдіру үшін ғылыми негіз бола алады.